Форум ауыл жастарын өмірлік белсенділікке, өзін рухани және кәсіптік тұрғыдан ұштауға, ол үшін білімін көтеруге, ауылда өзінің біліктілігін жүзеге асыруға бағыттауды, ең бастысы жастардың туған жерге, Отанға деген патриоттық сезімін тәрбиелеуді мақсат етті.
Форумда жастар кәсіпкерлік, волонтерлық және рухани жаңғыру тақырыптары бойынша секцияларға бөлініп, жұмыс істеді. Онда облысқа белгілі кәсіпкерлер ауыл жастарына өз ісін қалай ашу, қалай дамыту туралы, рухани жаңғыру бойынша университет оқытушылары әңгімеледі, жастардың сауалдарына жауап берді. Форум аясында Сарыкөл агробизнес және құқық колледжінің жетістіктері, ауыл шаруашылығы өнімдері туралы және Қостанай облысындағы Қазақстанның Еңбек Ерлеріне арналған көрмелер ұйымдастырылды. Сонымен қатар форумда ауыл жастарының үздік өкілдері марапатталды, ән мен күйге де орын берілді.
Нәзира Жәрімбет
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы